Мемлекет басшысы латын әлiпбиiне көшу керектiгiн айтқанымен, оған қазақ елiнде тұрып жатқан бүкiл ұлттардың бәрi көше ме, әлде өздерiнiң қалпын бұзбаған қазақтар ғана (өйткенi түрi қазақ, жаны бөлек қандастарымыз өте көп) көше ме деген сұрақтың басын ашық қалдырды.
Егер латын әлiпбиiне көшу тек соңғыларға ғана тиiстi болса, сенiммен айта аламын, онда бiр ұлттық рух төңiрегiне әлi топтаса алмай, “тiлдi қазақ”, “тiлсiз қазақ” болып жүрген жергiлiктi халық, жарылған бөренедей, өз iшiнен бұрынғыдан да бетер қақ айырылады. Ендi осы күмәнiмiздi бiраз дәлелдермен айшықтап керейiк.
Егер латын әлiпбиiне көшу тек соңғыларға ғана тиiстi болса, сенiммен айта аламын, онда бiр ұлттық рух төңiрегiне әлi топтаса алмай, “тiлдi қазақ”, “тiлсiз қазақ” болып жүрген жергiлiктi халық, жарылған бөренедей, өз iшiнен бұрынғыдан да бетер қақ айырылады. Ендi осы күмәнiмiздi бiраз дәлелдермен айшықтап керейiк.
Бұған, бiрiншiден, орыстiлдi қандастарымыз қарсылық көрсетедi. Мұндай қарсылық қазiрдiң өзiнде-ақ бой көрсетiп жатыр.Себебi оларда ұлттық қасиет жоқ. Ал бойларында ұлттық қасиеттiң бар екенiн бiлдiрiп, латынға бүгiн-ақ көшуге дайынбыз деп ұрандатушылар, әлiпби ауыстыра салсақ, сондай шалақазақтар бiр күнде орыс тiлiнен безiп, қазақы қалыпқа түсе қалатындай көредi. Шын қазақ – әлiпбиiңдi латынша етсең де, орысша етсең де, тiптi қытай мен жапон иероглифiне көшiрсең де, ұлттық келбетiн жоғалтпайды. Бөтенге бейiм ұлттық рухсыздар болса, етектен тартқаны былай тұрсын, бөгденiң жетегiне ерiп, ұлттық мүдденi сатуға дайын тұр. Жиырма жылдан берi не мемлекет тарапынан, не қоғам тарапынан қазақ тiлiне зәрулiктi сезiнбеген сондай рухсыздар әлгiндей ұраншылардың асығыс бастамасына елп етiп жығыла кетпесi екiбастан белгiлi. Оларға бiздiң елде тұратын басқа ұлттар да қосылады. Осылай бола қалса, қазақтан гөрi басқа ұлттың қас-қабағына қарағыш бiздiң билiк қазақтарға: “Латынды өздерiң-ақ игере берiңдер, басқалар кириллицаны қолдана берсiн” деп отыра берерi тағы кәмiл. Сонда латын арқылы күллi қазақты қазақтандырамыз деген ниет бiржолата желге ұшпақ. Осындай кептердiң барлығын ескермей, ұран мен науқанға ергiш “ұлт болашағын көксеушiлердiң” “латыншаны көп кешiктiрмей-ақ, бiр-екi жылда енгiзейiк” дегендерi – бос сандырақ болып шықпақ.
Әлбетте, тiлдiк реформаны жақтайтындардың айтар уәждерi, бағдарламалары мен келешекке жасаған көреген жоспарлары да мол. Олардың бiсмiлләсi – “латын әрпi түркi халықтарының басын бiрiктiредi, бiрiнiң жазғанын екiншiсi қиналмай оқып, түсiне бередi” деуден басталады. Әйтсе де, олар сол уәждiң артында қаншалықты қисын мен пайда бар екенiн тәптiштеп бере алмайды. Мысалы, маған бiр түрiк өз тiлiнде қай әрiппен болса да, бiрдеңе жазып берсе, бәрiбiр түсiнбейтiнiм кәмiл. Көне оғыздық диалектиканы ұстанатын әзiрбайжан мен түрiкмендердiң де сөздерiн ұға алмаймын. Олар түгiлi, iргеде отырған өзбектiң де көп сөзiн түсiне бермеймiн, ал латын тұрмақ, кириллицамен жазылған әдебиеттерiндегi сөйлемдерге тiптi тiсiм батпайды.
Әрине, қай халықта болмасын, өзге тiлдi тез меңгеретiн әрi оны жылдам оқып, үйренуге ынтасы мен қабiлетi бар адамдар болады. Бiр-бiрiн түсiнсе, солар түсiнiсе жатар. Бiрақ бүкiл ел, жалпы жұрт ондай қабiлетке ие емес қой. Одан соң латынға көшсек, бiзге құшақ жая салатын, басымызға iс түссе жанымыздан табыла салатын түркi тiлдес мемлекеттердi көрiп отырғаным жоқ. Әлсiн-әлсiн шекарамызда бiр адамды атып тұратын өзбек ағайындар “латынға көшiпсiң” деп, темiр шарбақтарын жиып тастамасы анық. Түрiктер “бiзде жағдай жақсы, көшiп келiңдер” деп айтпасы тағы шындық. Бәрiнен бұрын техникалық өркениеттен кенже қалған бұл мемлекеттерден үйренетiн түгiмiз жоқ. Алда-жалда латын әрпi арқылы бiр-бiрiмiздi түсiнiсуге қол жеткiзсек, онымыз сауда төңiрегiндегi әңгiмелер мен iстерден әрi аспасы айқын. Сол үшiн де түркi елдерi арасындағы саяси мүдденi бiр ортақ қалыпқа келтiрмей жатып, әрқайсысында қолданылып жүрген әртектi рухани құндылықтарды бiр арнаға түсiрмей жатып, әлiпби арқасында бiрiге саламыз деу – сәби арманындай ғана балаң ой.
Латыншылдар екiншi бiр уәжiн компьютермен байланыстырады, яғни “латынды үйренсек, оны пайдалану оңайға түседi” дейдi. Компьютер – жаһанданудың ең басты алғышарты. Онсыз қазiргi заманды елестету қиын. Бiрақ латын әрпiнсiз-ақ компьютерден қиналып жатқан қазақты көргенiм жоқ. Заман озған сайын жаңа жетiстiктердi үйренген кейiнгi ұрпақ өзiне керегiн латынға көшусiз-ақ үйренiп алған. Одан соң әлемде технология жағынан ең озық елдер – Жапония мен Корея өз иероглифтерiмен-ақ компьютердi меңгерiп отыр. Меңгергенi былай тұрсын, оған жаңа негiз салуда. Дүниедегi ең қиын тiлдi қолданатын қытайлар да бұл тұрғыда көштен озбаса, ешкiмнен қалған жоқ. Осындай мысалдарға қарасақ, латыншылдардың бұл тұрғыдағы уәжi – қасқырдан қашып, iнiн таба алмай, арыстанға жолыққан түлкiнiң қылығын көз алдыңа келтiредi. Яғни, олардың мақсаттары – орыс кириллицасынан аулақтап, әлемдi жайлап бара жатқан ағылшын тiлiнiң аясына өзiңнен-өзiң барып кiре салуды тездетiп отырғандай әсер қалдырады.
Жаңа әлiпбиге көшудi жақтайтындардың тағы бiр алға тартатыны – латынға көшсек, бойымызды орыстан тез арада аулақ салатын боламыз дейдi. Бiрақ қай тараптан аулақ салатын боламыз дегендi түсiндiрiп бере алмайды. Бар айтатындары “рухани тәуелдiлiктен арыламыз” деуге негiзделедi. Бұған айтарымыз мынау: рухани тәуелдiлiктi бойға үйiру – әркiмнiң санасына байланысты. Нағыз ұлтжанды қазақ ормандай орыс түгiлi, қалың қара қытайдың, испандық, португалдық, ағылшындық үстемдiк алған Америка елдерiнiң бел ортасында отырса да, өзiнiң рухани тәуелсiздiгiн сақтайды. Өкiнiшке қарай, қазақтың бәрi ондай биiк рухты емес. Басым көпшiлiгiмiздiң жiгерсiз, намыссыз екенiмiз тағы рас. Он қазақтың ортасына бөгде бiреу келсе, әлi күнге дейiн әмбемiз соның тiлiнде шүлдiрлей жөнелетiн тым көңiлжықпастығымыздың да бар екенiн жасырмаймын. Бiр сөйлемдi орысша құрастырып айта алмайтын кемпiр-кемештерiмiзге дейiн “больница”, “подьезд”, “остановка”, “ручка”, “поворот”, “свет”... күнделiктi қолданыстағы осындай қаншама сөздердi ешқашан қазақша айтпайтынын, тiлiмiздiң бүлiнiп, бұзылып кеткенiн, оларды жөндеуге еш ықылас танытпайтын бойкүйез екенiмiздi тағы да растаймын. Ендеше, үш-төрт атадан берi бойымызға орыс сiңiрген, елдiк қалпымызды бұзып, бөтен арнаға түсiрiп жiберген осындай рухани тәуелдiлiктен “латынға көшсек, бiрден арыла саламыз” деген тұжырым да – ойға сыйымсыз iс.
“Мұндай келеңсiздiктерден латынға өту арқылы бiрте-бiрте арыламыз” дейдi кейбiр көрегендер. Сол көрегендерге сене салайықшы, латынға көшкен күнi шекарамыз тарс жабылып, бiзге шетелдерден бөтен рухани тұрғыдағы қаймана құндылықтарды жеткiзушiлердiң аяқтарына бiрден тұсау салына сала ма? Ресей мен Батыс Еуропадан келiп жатқан газет-жорналдар мен кiтаптардың саны бiрден азая қоя ма? Әр қазақтың үйiндегi теледидардан “Отау ТВ”, “Бейне ТВ” тағы да сол сияқтылар мен анау дөңгелек антенна арқылы көрсетiлiп жатқан орыс тiлiндегi хабарлар мен кинолар тыйыла қала ма? Сан түрлi сойқанды суреттер мен эротикалық мәтiндегi хабарламаларды тарататын интернеттiң “ұяты оянып”, латын әрпiмен қазақша мәтiндегi өнегелi сөздердi жаза бастай ма? Осындайларды ойламаған көреген реформаторлардың рухани тәуелдiлiктен латын әрпi құтқарады дегенiне қалай сенесiз?
Жарайды, болашақ ұрпақтың қамы үшiн латынға көшелiк делiк. Алайда дәл қазiр немесе жуық арадағы он жыл iшiнде латын әрпiне көше салу – бiздi көптеген қателiктерге әкелiп соқтырады. Елiнде 99 да 99 пайыз халық өзбек тiлiнде сөйлейтiн Өзбекстанда бұл құбылыс әлi күнге дейiн қиыншылық туғызып отырғанын өз көзiмiзбен көрiп жүрмiз. Арамыз жақын болғандықтан, Өзбекстанға жиi-жиi барамыз. Егделерi латынды ұқпайды, жастары кириллицаны бiлмейдi. Екi буын арасында рухани байланыс үзiлгендей көрiнедi. Десек те, Өзбекстандағы жағдай бiздегi сияқты емес, онда ұлттық тұтастық бар. Соның өзiнде латынға көшудi ешбiр дайындықсыз ерте бастан қолға алғандарына қынжылатын ғалымдар мен зиялылар мол. Олардың айтуынша, латын қазiргi өзбектi өркениетке емес, тығырыққа тiреп отыр.
Әзiрбайжанда да жаба тоқығанымен, ахуал мәз емес. Ал Түркияның жолын бiзге айқын мысал ретiнде алға тарта беру тiптен жөнсiз. Өткен ғасырдың басында Түркияның зиялылары араб жазуын қолданғанымен, халқының бәрi ол әрiпте оқып, жаза бiлмейтiн. Былайша айтқанда, ол кезде Түркияда баршаға бiрдей ортақ бiлiм беретiн оқу жүйесi жоқ болатын. Ататүрiк енгiзген жалпыхалықтық латын әрпi оларға бiздегiдей үйреншiктi әлiпбиден басқа әрiп қолданысына өтетiнiмiздей, тосын нәрсе болмады. Өйткенi жастардың тоқсан пайыздан астамы осы әлiпбимен сауатын ашты. Сондықтан басым түркiлерге латын әрпi ата жазуындай болып кеттi. Ал бiздегi жағдай мүлде бөлек.
Сонымен, латынға көшудi қалаймыз ба, қаламаймыз ба? Егер түбi көшетiн болсақ, бiз оған дайындықты мынадан бастауымыз керек. Нақтысын айтқанда, бұған Қазақ үкiметiнiң өзi бастамашы болуы шарт. Мемлекет басшысы халыққа жолдауында “2025 жылдан кейiн латын әрпiне көшемiз” дедi. Ендi бiз: “Президент мырза, бұл сөзiңiздi қандай мақсатпен айттыңыз?” деп сұрауға тиiспiз. Егер президент бұған: “Қазақ пен оның тiлiнiң болашағы үшiн” деп жауап берсе, былай деп өтiнiш етейiк: “Президент мырза, бiздiң латынға қостiлдiлiк қалпымызбен өтуiмiз пайдасыз. Латынға өтетiн дайындықты алдымен Сiз бастаңыз. Дайындығыңыздың белгiсi болсын, ертеңнен бастап барлық жиындардағы, кездесулердегi сөзiңiздi тек қазақша айтыңыз. Осылай етсеңiз, бiр айдан кейiн Сiздiң құзырыңыздағы – орыс-орманы, шала-тазасы бар бүкiл қызметкерлерiңiз ұлығынан кiшiгiне дейiн тап-таза әрi анық қазақша сөйлейтiн болады. Одан кейiнгi үш-төрт жыл көлемiнде қазақша бiлмейтiн қазақтар мен өзге ұлттар бiздiң тiлде еркiн сөйлей бастайды. Сөйтiп, 2025 жылға дейiн Қазақ елiнде тұратын бүкiл жұрттың 90 пайызы қазақша сөйлесе, сол жылы Сiз жоспарлаған латын әлiпбиiне оп-оңай өте саламыз”.
Деймiз-ау, бiрақ бiздiң үнiмiзге жауап қатар адам болса, қанеки. Сөйте тұрсам да, мен бiр нәрсеге таңмын. Әр жылы президенттiң жолдауында көтерiлген мәселелерге байланысты Сенат пен Мәжiлiс депутаттары жер-жерге аттанып, кездесулер, түсiндiрме жиындар өткiзiп жатады. Биылғы жолдауға байланысты да депутаттар әр аймақта сондай жиындарды өткiздi. Бiрақ мемлекет басшысының осы латын әрпiне өтуге қатысты көтерген мәселесi бойынша бiр депутаттың немесе бiр үкiмет мүшесiнiң еш жерде арнайы жиын өткiзбегенi аян. Бұл қалай сонда? Жолдаудың әр сөзiнiң астарын жұртқа егжей-тегжейлi түсiндiретiн депутаттар латын әрпiне көшудi неге сөз етпейдi? Мұның сыры мен мәнiсiнiң астарында не жатыр?...
Қысқасы, қазақ қоғамындағы әр түрлi себеп-салдарларды саналы түрде талдасақ, латын әлiпбиiне көшуге – қазiр түгiлi, 2025 жыл да ерте тәрiздi. Қорықпай өте беру керек дейдi бiреулер. Қорықпайсың-ау, бiрақ мұның артында қаншама түйiнi шешiлмеген мәселелер барын да ұғыну керек қой. Әлiпби ауыстыру деген сөз – бүкiл жұрттың санасын өзгерту деген сөз. Бұл – бiр қоғамнан екiншi қоғамға ауысқан елдiң басынан кешетiн қиын ахуалдан да күрделi мәселе. Бiз алдымен осы әрiппен-ақ қазақылық қалпымызды әбден түзеп алуымыз керек. Өйткенi жартысына жуығы қазақ, жартысына жуығы дүбәра, қалғандары мемлекеттiк тiлге пысқырып та қарамайтын жұрты бар елде, басқа әлiпбиге көшудi немесе ұраншылдардың жетегiмен оған өте салуды – онсыз да мәдениетi мен көзқараз-ұстанымы бiркелкi емес, тұрғылықты халқы мүлде рухани жүдеу мемлекетте iске асыру – кешiрiлмес қылмысқа парапар болмақ. Латын әрпi керек пе, керек емес пе деп, қызылкеңiрдек болып өзара айтыса бергенше, одан да Қазақ үкiметiне барша қазақстандықтарды қазақ мүддесiне қарай өмiр сүруiне, бой түзеуiне, оның тiлiн үйренуiне бастамашы болыңдар деп талап қояйық. Соның iске асатын уақытын тап осы кезеңге дөп келтiрсек, мiне, нағыз ерлiк – сол.
Комментариев нет:
Отправить комментарий
пікір жазыңыз