Khotyr-shotyr-zhazu

Khotyr-shotyr-zhazu

15.02.2013

М.Шаханов латын әліпбиені көшу туралы



Қазақстанның халық ақыны 
Мұхтар Шахановтың 
латын жазуы реформасына қарсы айтқан өлеңі:


Бұл мазмұнды мақсат па екен, санамызға кеш келген?
«Дұрыс, дұрыс» деп жатыр жұрт, «латыншаға көшкен жөн».
Билік сөзі заң емес пе, бірақ қашан көшеміз?
Қандай жолмен түгенделер сыртқа кеткен есеміз?
«25-інші жылдан кейін» дейді оған Елбасы,
Осы талап бола ала ма, ортақ сенім арнасы?
Біреу бейім, төрт-бес жылдан кейін жылдам көшуге,
Ал, біреулер, тіпті, «ертең көшейік» деп бөсуде.

Кей дайынсыз пайымсыздар «бұл іс жеңіл» десе де,
Нақ осы істе бұғып жатыр өте үлкен мәселе.
Дәл бүгінгі күнге дейін ел мұңына ашынған,
Зерттеу, толғау, мақалалар миға үлес боп қосылған,
Тұлғалардың еңбектері ұлттың даңқын асырған,
Сан миллион атпен дара кітап болып басылған.
Соның бәрі кириллица аясында қала ма,
Кім аударып бермек оны ертеңгі өсер балаға?

Латыншаға өзбек, түрікмен, әзірбайжан ауысты,
Сан тарихы сыртта қалып, қамсыздықпен қауышты.
Билік жағы өнегелі іс деп ұқса екпінді,
Көп тұлғасы оны «адасу», «рухты зорлау» деп білді.
Жә, ғаламтор бұл араға өз үлесін сала ма?
Әлде «тарих қажет емес» деген үміт жана ма?
Басты мақсат кітаптардың қажеттісін алу ма?
Көп миллиард қаржы керек, бұл зор іске баруға.
Ертең түсіп қалмаймыз ба, рухсыз, сараң қақпанға,
Қазір ұлттық игі істерге ақша таппай жатқанда?

Ойда-жоқта көлегейлеп пенделіктің бораны,
Бір маңызды сұрақ тағы алдымызды орады.
Латыншаға Қазақстан мемлекет боп бармақ па?
Қаншама ұлт, сан басылым ортақ міндет алмақ па?
Онда жақсы... бірақ қамап қойғандай ғып шарбаққа,
Жалғыз қазақ тілі ғана ілінбек қой қармаққа?

Рас, қазақ жылдам ашсын ғаламторлық құлыпты.
Компьютерге бола сонда жоямыз ба ұлтты?
Латын қарпін меңгеруді міндет етіп қоюға,
Болмайды ма, қиын ба әлде, солай қанат жаюға?
Ұлтсыздану жағынан біз тұрмыз жардың шетінде,
Қазақтай көп орыстанған ұлт жоқ жердің бетінде.
Әзірбайжан, өзбектерден айырмамыз осында,
Сондықтан да, зор қасірет қол бұлғап тұр қасыңда.

Өз тілінде ой қорытып, өз тілінде ой кессін,
«Әрбір қазақ қазақпенен тек қазақша сөйлессін!»
Осы сөзді Елбасы да қайталады сан рет,
Бірақ сөзі ісіменен шықпай жатыр дәлірек.
Ұзай алмай Кеңес рухты ескі құныс күндерден,
Өзі орысша сөйлеседі қазақ министрлерменен...
Ал ұлт үшін латыншаға көшудің еш мәні жоқ.

Кімдер онда ұлтқа мұндай жұмбақ шідер тастады?
Өз тілінде ойлай алмас,
Өз тілінде сөйлей алмас,
Һәм жаза алмас, қазақтың тең жарымынан астамы.
Секілденіп «ұлтсызданған бөлек қазақ аралы»,
Олар түгел кириллица аумағында қалады.
Ортақ елдік мүдделерді тастап желдің өтіне,
Сөйтіп қазақ ашық түрде бөлінеді екіге.
Рух парқы аз басылып жатқан жоқ қой табанға,
Сонша неге құштар болдық ұлт жеңілер қадамға?

Abai.kz сайтынан алынды

Комментариев нет:

Отправить комментарий

пікір жазыңыз