Ә,Ң,Ғ,Ұ,Ү,Қ,Ө әріптері бірігіп көтеріліске шығамыз депті. Оларға І,Һ әріптері басу айтқанмен, болмапты. Жоқ жерден жолы болып кеткен І мен Һ әріптерінің халықаралық стандартқа сай келетіні әлгі жетеуінің үш ұйықтаса да түсіне кірмеген.
Бір жағы көре алмағандықтан, бір жағы амалсыздың күйімен жетеуі бірдей ашуға беріліп отыр. Барлығы латын әліпбиіне көшеміз дегеннен басталған, әйтпесе, тоғыз әріп тобымен клавиатураның тұғырлы орнында тәп-тәтті ойнап-күліп жүретін. Енді ажырамақ, ажыратпақ.
Ә: Әріп ауыстырып, әбігерге түсіп не керек?!Ң: Үн жоқ...Ғ: Ғаламдық стандартқа сай емеспіз бе біз?!Ұ: Ұлт деген ұлы сөздің бастауы ем...Ү: Үмітіміз үзілді...Қ: Қасірет десейші! Қазақ деген сөздің қаны менде жатыр ғой... Мені Q да, K да,KH да алмастыра алмас!Ө: Өлә, өлі әріптердің қатарына қосыламыз ба сонда?! Өкпем қара қазандай.Осылайша жеті әріп бірігіп "Жеті жетім" деген қоғамдық қор құрды. І мен Һ қайта-қайта басу айтады. Бірақ, оған көнсін бе?!Һ: Әрине, сендердің жөндерің бөлек, бірақ латынға ауыссақ орындарыңды басқа әріптер басады. Кирил қарпінде қандай жарасып тұрушы ек. "Һәм", "гауһар" деген сөздерді сағынатын боламын. Бірақ түсініңіздер, мен орыстың таңбасында болғаным жоқ. Орнымды ана шымкенттік Х тартып алды. Енді, соның қарымтасын латын қарпіне көшкеннен кейін қайтарым. Ана жақта Х-қа "нан жегізбеймін".І: Інілерім, бауырларым, ағаларым, сендерді қимаймын. Қазақтың 42 әрпінің қатарында болғаныммен, орыстар 33 әрпіне сиғызбай қойды. Әйтпесе, б(і)лин, т(і)вит, з (і)верь сияқты сөздерге қосса, мұрты қисайып қала ма? Енді латынға көшкен соң үстемдік құрамын. Істің басында мен тұрамын!"І" мен "Һ"-нің мына сөздерінен кейін бәрі өздерін сабырға шақырды. "Ә" қалса да әдет қалмас, "Ң" қалса да мұң қалмас, "Ғ" қалғанмен ғайбат таусылмас, "Ұ" қалса да ұят қалмас, "Ү" қалса да пайғамбардың үмметі болып қаламыз, "Қ" қалса да қазақпыз, "Ө" қалса да өлмеспіз деген байламға келді.Сөйтіп, ұлтжанды тоғыз әріптің екеуі ғана латын қарпіне жарамды болып, қалғаны ешкімге керексіз болып "ескі жұртта" қалды. Бірақ, тілеуі ақ. Бізді де әзірге пайдаланатындар бар ғой деп өз-өздерін жұбатып, көзіне жас алды.
Жандас Байділдә
http://www.facebook.com/ әлеуметтік желісінде ақпан күні жариялады
Комментариев нет:
Отправить комментарий
пікір жазыңыз